130-баптың декриминализациялануын өте маңызды шешім санаймын – Арманжан Байтасов

130-баптың декриминализациялануын өте маңызды шешім санаймын – Арманжан Байтасов

Президенттің жала жабу туралы бапты декриминализациялау жөніндегі ұстанымы қуантады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы Арманжан Байтасов бүгінгі Ұлттың кеңестің отырысы туралы пікірін осылай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА. «Жалпы мен үшін өте жақсы әсер болды, бұл отырыс. Бүгін маңызды кездесу болды деп санаймын. Өйткені, Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері арасындағы, сондай-ақ әртүрлі комитеттерде талқыланған ұсыныстар Президенттің баяндамасында қандай да бір түрде көрініс тапты», – деді Арманжан Байтасов. Сарапшы саяси реформаларға, оның ішінде саяси партияларға қатысты және митингілерге қатысты ескертулер сипатына ерекше назар аударды. «Біз қазір біртіндеп дамып жатқан елміз, реформа тұрғысынан алғанда даму эволюциялық түрде жүріп жатыр. Біз өзара келісімге келіп, реформалардың ең дұрыс және түсінікті жолдарын іздестіріп жатырмыз. Бұл өте маңызды», – деп атап өтті Медиа Альянс басшысы. Сондай-ақ оның пайымынша, ҚР Қылмыстық кодексі 130-бабының (Жала жабу) қылмыстық сипат деп танылмауы журналистер жұмысының мүмкіндіктерін кеңейтетін болады. «130-бапқа қатысты айтар болсам, журналист ретінде, медиа саласының қызметкері ретінде, Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы ретінде, әрине, осы баптың қылмыстық сипаттан алып тасталатыны қуантады. Өйткені сөз бостандығы, менің ойымша, мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Осы баптың декриминализациялануы журналистердің батыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Журналистік зерттеулер қайта шыға бастайды, журналистер сапалы материалдар дайындауға ұмтылады. Сосын біздің де журналистерді көп оқи бастайды. Сондықтан да, 130-бапты қылмыстық сипаттан алып тастау туралы шешім өте маңызды болды деп санаймын», – деді Арманжан Байтасов. Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеген болатын.