АРМАНЖАН БАЙТАСОВ: “НҰР-МЕДИА” ҚАЗАҚСТАН ДЕРЖАВАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI

АРМАНЖАН БАЙТАСОВ: “НҰР-МЕДИА” ҚАЗАҚСТАН ДЕРЖАВАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI

«НҰР-Медиа» холдингiнiң құрылғанына бiр жыл толды. «Халықтың көзi, құлағы һәм тiлi» болуға тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарының бiрқатарының басын бiрiктiрiп, ортақ саясат қазанында қайнатқан құрылым аясында атқарылған шаралар да, алға қойылған мiндеттер де жеткiлiктi. Осы орайда, «НҰР-Медиа» холдингiнiң бас директоры Арманжан Мерекеұлы бiздiң газетке шұғыл сұхбат берiп едi.

– «Нұр-Медиа» холдингiнiң құрылғанына бiр жыл толды. Осы холдингтi құрудағы алға қойған мақсаттар толық орындалды ма? Холдинг құрамына енген БАҚ-тар осы жыл iшiнде қаншалықты өзгердi?

– Менiңше, алға қойған мақсаттар да, холдинг құрғандағы үмiт те толық ақталды. Өзiңiз қараңызшы, холдингтi құру кезiндегi заңдылық және ұйымдастырушылық жұмыстары өте қауырт жүргiзiлiп, наурыз айының басында толығымен аяқталды. Осы кезден бастап «НҰР-Медиа» бел шешiп жұмыс iстеуге кiрiстi, жан-жақты ақпараттық саясат жүргiзе бастады. Бiз аз уақыт iшiнде қуатты да тегеурiндi ақпараттық ресурс жасай алдық, халыққа пайдалы әлеуметтiк бағыттағы бағдарламаларды қолдауға арналған ауқымды жұмыстардың, қазақ тiлiн қолдауға және дамытуға арналған «Қазақша сөйлесейiк!» атты және отандық бизнестi қолдауға бағытталған «Қазақстанда жасалған!» секiлдi қайырымдылық акциялардың арқасында «НҰР-Медиа» логотипi халық арасында танымал болды. Тұңғыш қазақстандық «Арман қала» атты сериал түсiрiлдi, «Астана» телеарнасының хабар тарату форматы ақпараттық және көңiл көтеру бағытына қарай өзгердi. Қазақстандық патриотизмдi насихаттау мақсатында бiрқатар мәдени және көңiл көтеру телехабарлары жасалды. «Нұр-Медиа» холдингi БАҚ – Қазақстанның медиаменеджерлерiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн дағдарысқа қарсы кеңесi арасында өзара ықпалдастық құрылымын құруға мұрындық бола бiлдi. Бұдан бөлек, бiз отандық өнiм өндiрушiлер атқарған көптеген шараларды, олардың республикалық көрме-жәрмеңкелерiне қолдау көрсеттiк. «Атамекен» иллюстрациялық алманағы баспаға дайындалып жатыр. Бұл кiтап Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы тұсында шығатын имидждiк баспа өнiмi болмақ. Ең бастысы, мұның бәрiн бiз бiр ғана ақпарат құралының ресурсы арқылы емес, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарғандай бiрлiктегi, жоғары рейтингiлi БАҚ-тардың ынтымағы арқасында жасай алдық. Бiздiң БАҚ-тар халыққа етене жақын, бүгiнгi күннiң тынысын шынайы да объективтi көрсете алатын, мәдениетiмiздi дамытатын ақпарат құралдары. Холдингке бiрiгу арқылы бiз Қазақстан үшiн аса маңызды деген мәселелердi жаңа сипаттағы сапалы ақпараттық деңгейде көтере бiлдiк. Себебi бiр мәселенi холдингке кiретiн оншақты республикалық БАҚ-тарда бiр мезгiлде көтеру арқылы бiз белгiлi бiр деңгейде «ақпараттық толқын» жасай алдық қой, бұдан кейiн ол мәселенiң қоғам тарапынан болсын, мемлекеттiк органдар тарапынан болсын елеусiз қалуы мүмкiн емес едi. Мұның айқын мысалы, бiздiң холдингтiң қазақстандық автожүргiзушiлердiң мүддесiн қорғау үшiн автокөлiктерге қосымша пошлина енгiзуге қарсы шығуы. Тағы бiр мысал – отандық өнiм өндiрушiлердi қолдау үшiн «Қазақстанда жасалған!» акциясын ұйымдастырдық, оның өзектiлiгi соншалық, отандық кәсiпкерлерiмiз де қолдап, бiздiң холдингке кiрмейтiн басқа БАҚ-тар да үн қосып жатты. Дегенмен, аздап қиыншылық көрген күндерiмiз де болды – қаржылық дағдарыс бiздi де айналып өткен жоқ. Бiздiң БАҚ-тарымыз амалсыз шығындарды қысқарту, қосымша қаржы көзiн iздеу, актив құрылымдарын оңтайландыру сияқты шаралар жасауға мәжбүр болды, бiрақ осындай кездiң өзiнде бiз отандық кәсiпорындар мен кәсiпкерлердi қолдауға ұмтылдық, олардың бiздiң баспасөз бен электронды ақпарат құралдарындағы жариялайтын жарнамаларына көлемдi жеңiлдiктер жасадық. Бұл қадамды мен медиахолдингтiң бiздiң державаны қалыптастыруға және дамытуға қосқан елеулi де нақты патриоттық үлесi деп бiлемiн. Ашып айтатын жайт – бiз партиялық холдингке қойылатын талап өте жоғары болатынын әу бастан-ақ түсiнетiнбiз, сондықтан өз iсiмiздi өте кәсiби деңгейде атқаруға тиiспiз. Ақпараттық ортада Елбасының жетекшiлiгiндегi аса iрi саяси күштiң көзқарасын бiлдiру дегенiңiз – үлкен абырой ғана емес, аса үлкен жауапкершiлiк те. Осы уақыт iшiнде бiз холдингке кiретiн бiрқатар БАҚ-тарда жақсы өзгерiстер жасап үлгерiппiз: «Дала мен Қала», «Страна и мир», «Нұр Астана» газеттерiне сәттi ребрендинг жасадық, олардың форматтарын жақсартып, таралым санын арттыра алдық. Әсiресе, «Дала мен Қала» газетiндегi сапалық тұрғыдағы елеулi өзгерiстер мен Сапарбай Нұрпейiсұлы Парманқұловтың еңбегiн айрықша атап өткiм келедi. Бұл газет осы жылда көрер көзге тартымды, өте жарқын, ең өзектi тақырыптарға мән бере қарайтын көзiқарақты басылымға айналды. Осы жылы, сондай-ақ «Известия-Қазақстан» газетiндегi мәскеулiк әрiптестермен келiссөздер жүргiздiк, бiздiң талап – аталмыш газеттегi қазақстандық мазмұнды арттыру қажеттiгi едi. Кез келген басқа елдiң азаматтары секiлдi қазақтарға да ең әуелi жергiлiктi жаңалықтар қажет қой: оларға ресейлiк бiр губернатордың iс-әрекетiнен гөрi өз қаласының әкiмiнiң не бiтiрiп, не тындырып жатқанын бiлу қажеттiрек. 18 жылда бiздiң халықтың, сондай-ақ оның құрылымдарының менталитетiнде болып өткен өзгерiстердiң мәнiн ресейлiктерге түсiндiру оңай болған жоқ, бiрақ бiз мұны жасай алдық. Сонда да «өзгерiстер» туралы айтқанда, тым асығыстыққа жол беруге болмайтынын айтқым келедi: бiз холдингке кiретiн БАҚ-тардың, мысалға «Түркiстанның» өзiн алайықшы, осы 15 жылда қалыптасқан беделi, абыройы және имиджi бар екенiн түсiнемiз, өз аудиториясы бар екенiн бiлемiз, ол аудиторияның өзiндiк мүддесi, қалауы, т.б. бар. Сондықтан да холдинг жаңа оқырманды, көрермен мен тыңдарманды тарту мен бұрыннан қалыптасқан аудиторияны жоғалтпаудың арасындағы тепе-теңдiктi сақтаудың жолын табуы керек. Бiз «өзгерту үшiн өзгертпеймiз», бұл iске байыппен, асықпай, сабырмен кiрiскен жөн.

– Холдингтiң 2010 жылғы жоспарлары туралы айтыңызшы?

– Олар ап-анық: холдингке енетiн БАҚ-тарды толықтай өзiн-өзi ақтайтын және жоғары табысты құрылымдарға айналдыру. Әлемдiк қаржылық дағдарыс жағадан алған осы жылы жарнамалық түсiмдердiң күрт азайғанына қарамастан, бiздiң холдингтiң БАҚ-тары тек жарнамалық түсiмдерден 700 млн. теңгеден артық табыс тапты. Мұны мен бәрiмiздiң жұмысымыздың ортақ жемiсi деп және «НҰР-Медианың» сапалы жұмысының көрсеткiшi деп бiлемiн.

Дегенмен, бiз мұны мiсе тұтпаймыз. Бiздiң алдымызда осы трендтi бекiтiп, әрi қарай дамыту мiндетi тұр. Сондықтан да 2010 жылы «Дала мен Қала» және «Страна и мир» газеттерi толықтай өзiн-өзi ақтауға шығарамыз, олар бұған дайын отыр. 2012 жылы «Айқын» және «Литер» газеттерi де өзiн-өзi ақтайтын басылымдарға айналады. Алғышарттар толық бар. «NS» радиостанциясы бүгiнгi таңда коммерциялық жетiлген, жоғарғы табысты жоба, ал 2010 жылы белгiлi аталмыш бренд «Деловая волна» астаналық радиосын да жаңа табыстық деңгейге жеткiземiз деген сенiмдемiн.

– Сiз кезiнде тәуелсiз БАҚ-тарды басқардыңыз. Қазiр – партиялық холдингтi басқарып отырсыз. Жекеменшiк және партиялық, мемлекеттiк деп айтуға да болатын шығар, БАҚ-тарды басқаруда айырмашылық қаншалықты сезiледi?

– Әрине, әр жұмыстың өзiндiк ерекшелiгi бар, бiрақ басқарудағы айырма жер мен көктей деуге келмес. Кейбiр мәселелер жекеменшiк БАҚ-тарда тез әрi оңай шешiледi, ал кейбiр мәселелер – керiсiнше. Дегенмен, менiңше, кәсiби маман үшiн жұмыс атқарудың аса үлкен айырмашылық болмауға тиiстi. БАҚ – шарайна iспеттi екенiне сенiмiм нақ: барды бар, жоқты жоқ деп көрсету, шындықты айту, ағартушылық және «төртiншi билiк» болу арқылы халық пен демократияның мүдделерiн қорғау. Өз қағидаларына қайшы жұмыс iстейтiн адамыңыз мен емес. Партияның басшылығы менi осы жұмысқа шақырғанда, ең әуелi менiң кәсiби жұмыс тәжiрибемдi ескердi ғой деп ойлаймын, сонымен қатар, партия да, холдинг те бiздiң БАҚ-тарымыздың қазақстандықтар арасында танымал әрi тартымды болғанына мүдделi екенi даусыз. Телеарнаны ешкiм көрмесе, оның болғанынан не пайда, ешкiм тыңдамайтын радиостанция кiмге керек және ешкiм таласып-тармаса сатып алмайтын газеттердi шығарудың не қажетi бар? Нарықтың бұл қағидасы меншiк нысанына қарамастан барлық БАҚ-тарға ортақ. Әлемдiк партиялық медиахолдингтердiң тәжiрибесi көрсетiп бергендей, мұндай құрылымдар олардың өнiмдерi нақты өмiрдiң шынайы көрiнiсi болғанда ғана өзiн өзi ақтап жұмыс iстейдi және халық арасында сұранысқа ие болады. Объективтi хабар тарату арқылы холдингтер партияның коммерциялық тұрғыда тиiмдi, табысы жоғары және пайдалы активтерiне айналады. Ал партия болса «бiр оқпен екi қоянды атады»: холдингтен өз қажетiне қаражат табады және оның қол астында өзiнiң саяси көзқарасын электоратқа жеткiзудiң тиiмдi құралы болады.

– Холдинг құрамына телеарналар да, газеттер де кiредi. Оның iшiнде қазақтiлдi және орыстiлдi газеттер де бар. Өзiңiз де бiлесiз, 18 жылда бiзде қазақтiлдi мен орыстiлдi басылымдарды бiр-бiрiне қарсы қойып, салыстырғысы келетiн көзқарас бар. «НҰР-Медиаға» енетiн екi тiлдегi басылымдардың ерекшелiктерi туралы не айтасыз?

– «НҰР-Медиа» құрамында қазақтiлдi басылымдар саны басым және олардың үнi жарқын, мерейi үстем екенiн ашық айтуға тиiспiз. Құрғақ сөзден гөрi нақты сандарға жүгiнейiк. Өзiңiз салыстырып көрiңiз: «Айқын» газетiнiң күнделiктi тиражы 40 000-ға дейiн жетедi, бұл дегенiңiз «Литердiң» таралымынан екi есе көп. «Дала мен Қаланың» таралымы қазiр 33 500-ге жеттi, бұл орыстiлдi «Страна и мир» газетiнен 11 500-ге көп. Ал «Түркiстанның» таралымы «Известия-Казахстан» газетiнен әлдеқайда көп. Сондықтан да бiз әрқилы салыстыруларға жетелейтiн қайшылықтардан құтылуымыз керек деп ойлаймын: қазiр қазақтiлдi баспасөздiң сұранысы жоғары, тартымдылығы артып келедi. Менiң сөзiме сенбесеңiз, Ақпарат министрлiгiнiң соңғы 20 жылда қазақ тiлiндегi басылымдардың санының артуы жөнiндегi статистикалық мәлiметтерiн қарасаңыз да жеткiлiктi. Дегенмен, менiңше, өзiмiздi орыстiлдi баспасөзбен ғана емес, алдыңғы қатарлы батыстық БАҚ-тармен, шетелдiк рыноктың көшбасшыларымен салыстырып отырудың пайдасы зор деп ойлаймын. Немiстерден де, ағылшындардан да немесе америкалықтардан да – мейлi оперативтiлiк жағынан болсын, техникалық қамтамасыз ету жағынан болсын, ақпаратты алу мен беру жағынан болсын, оның объективтiлiгi жөнiнен болсын – үйренерiмiз көп.

– Ақпарат құралдары мен ұлттық қауiпсiздiк мәселесi iргесi ажырамас түсiнiктерге айналды. Қазақстан ақпараттық кеңiстiгiнiң шетелдiк, оның iшiнде ресейлiк басылымдарға толы екенi жасырын емес. «НҰР-Медиа» сияқты құрылым ақпараттық кеңiстiгiмiздi қорғауға қалай атсалысады? Сiздiңше, ақпараттық кеңiстiктi қорғау үшiн қандай шараларды қолға алған дұрыс?

– Бұл сұрағыңыз өте маңызды. Оның жауабы алдыңғы сұрақтан туындайды. Өзiңiз қараңыз: туған тiлдегi ақпаратқа деген сұраныс баршылық, жергiлiктi жаңалықтарға деген сұраныс та үлкен. Бiз өз ақпараттық кеңiстiгiмiзде төл оқырманымыз бен көрерменiмiз үшiн бәсекелестiкке түсуден тартынбауымыз керек, себебi бiздiң артықшылығымыз айқын: халқымыздың мәдениетi мен менталитетiн, ерекшелiктерiн бес саусақтай бiлiп, оған не керек екенiн, ненi жақсы көрiп, ненi таңдайтынын жақсы бiлемiз. Мұндай ақпаратты бiзден артық кiм бере алады? Тiптi, ресейлiктер де, америкалықтар да, қытайлықтар да бiзден асып айта алмайды. Бiзге бар болғаны қазақстандық өнiмiмiздi анық, нақты, оперативтi, тартымды жеткiзе бiлу керек. Тимур Бекмамбетов жалғыз өзi Голливудты бағындырғанда, оның фильмдерiн барша әлем, оның iшiнде АҚШ мен Ресей таласа-тармаса тамашалайтын болса, бiз өз жерiмiзде, өз елiмiзде отырып, қалайша сұранысқа лайық өнiм жасай алмаймыз? Қолымыздан әбден келедi! Ал ақпараттық қауiпсiздiк мәселесi бұқаралық ақпарат құралдарына тiкелей байланысты екенi даусыз. Мысалды алыстан iздеудiң қажетi жоқ: Украина мен Грузиядағы «қызылсары» мен «алқызыл» төңкерiстерiнiң тәжiрибесi көрсеткендей, «Рустави» секiлдi бiр ғана танымал телеарнаның немесе интерактивтi интернет-сайттың қолында орасан күш болуы мүмкiн екендiгiн айқындап бердi. Мәселе мұнда тек санда емес, сапада. Бұқаралық ақпарат құралдары тарататын мәлiметтiң сапасында. Қол астыңда көп БАҚ-тар болуы мүмкiн, бiрақ егер олар халық арасына танымал болмаса, олардың санының көптiгiнен не пайда? Бiз өз ақпараттық рыногымызды қорғауымыз керек, осы орайда айта кететiн жайт – БАҚ-тарды бiрiктiру мәселесi, оларды «холдингтендiру» – объективтi нәрсе, бiздiң ақпараттық кеңiстiктiң iрi ойыншылары шетелдiк ойыншыларға мықты бәсекелес бола бiлдi, олармен қаржылық, ақпараттық қатынастар бойынша күш сынаса алады. Бұл жағынан алғанда, «НҰР-Медиа» – қуатты ақпараттық ресурс, ол қазақстандық мүддемiздi, күнделiктi өмiрлiк қажеттiлiктерiмiздi сауатты, ашық түрде талап ете алады. Шетелдiк ойыншылар Қазақстан ақпараттық кеңiстiгiндегi мұндай ақпараттық бiрлестiктермен санасуға мәжбүр. Ғаламдастырудың ықпалымен бiздiң ақпараттық рынокқа жаңадан ойыншылар қосыла беруi кәдiк. Кедендiк одаққа енуiмiз – бұл процестiң басы ғана, ал Қазақстан ДСҰ-ға мүше болғанда ол процесс шарықтау шегiне жетпек. Сол кезде бiз тек ресейлiк емес, батыстық БАҚ-тармен қоян-қолтық бәсекеге түсуге мәжбүр боламыз. Негiзi, телевизиялық және интернет кеңiстiкте бұл процесс қазiрдiң өзiнде жүрiп жатыр, қарапайым қазақстандықтар бүгiнде оншақты телеарналардан, миллиондаған интернет-сайттардан ақпарат алып отыр. Мұндай жағдайда түйеқұсқа ұқсап басты құмға тығудың қажетi жоқ, ақпарат теңiзiнен «қытай қорғанының» iшiнде отырып алып оқшаулануға болмайды, олай етсек, отандық БАҚ-тардың өсуiн тежеймiз, Өзбекстандағы жағдай осылайша қалыптасып едi ғой. Сондықтан да мен Үкiметтiң шетелдiк инвестордың қазақстандық БАҚ-тарға иелiк етуiн 20 пайызбен шектеу талабын және электронды ақпарат құралдарында қазақ тiлiндегi ақпарат тарату көлемi 50 пайыздан кем болмауы керек дейтiн саясатты қолдаймын. Мұндай протекциялық шаралар кезiнде қазақтiлдi БАҚ-тардың аяғына тұрып, дамуына мүмкiндiк бердi. Ендi әрi жылжуға болады: ең жақсы қорғаныс – шабуыл: отандық БАҚ-тарды сапалық тұрғыдан өсу мен дамытудың, өзiмiздiң рыноктың көп бөлiгi үшiн күресетiн кез туды. Бұл үшiн қажеттi алғышарттар бар. Қазақстанда бәсекеге бейiм, коммерциялық тартымды және патриоттық БАҚ-тар қалыптасқанда, ақпараттық кеңiстiктi қорғау үшiн тек әкiмшiлiк шараларға жүгiнудiң қажетi болмай қалады, себебi ол кезде елiмiздегi ақпараттық ахуалды және халықтың көңiл-күйiн отандық масс-медиа жасайтын болады.

©kzinfo.online