ХІІ Media құрылтай: Қазақстанда Нұртілеу мен Дудьтің қайсысы танымал?

ХІІ Media құрылтай: Қазақстанда Нұртілеу мен Дудьтің қайсысы танымал?

Кеше Алматыда «Өтпелі кезеңдегі медиа нарық» Қазақстандағы БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған ХІІ Media құрылтайы өтті. Онда біраз медиа қауымдастық өкілдері төбе көрсеткенмен, қазақ тілінде жарық көретін һәм хабар тарататын ақпарат құралдарының басшыларын ұшырастыра алмадық. Ұйымдастырушылардың өзі: «Біз шақырдық, келмесе не істейміз?» дейді.

Сонымен, күн тәртібінде біраз мәселе қаралды. «Өтпелі кезеңдегі медиа нарық», «Вдудь», «YouTube каналы», «Қазақстандық журналистер мен блогерлер YouTube-тің шыңын қалай бағындыруда» деген тақырып талқыға салынып, ұтымды пікірлер айтылды.

Шын мәнінде, елімізде қазақ және орыс тіліндегі БАҚ-тың көтеретін жүгі де, талап-тілегі де басқа. Бұл әу бастан солай. Екеуі екі әлемде өмір сүріп жатқандай. Оған дәлел боларлық мысал көп. Айталық, көп жағдайда ұлттық, тіл, дін мен діл, рухани мәселелерді жазу, айту қазақ тіліндегі БАҚ-қа ғана міндеттелген сияқты. Мұндай кезде кейбір орыс тіліндегі ақпарат құралдары жұмған аузын ашпайды. Ratel.kz порталының бас редакторы Марат Әсіпов бір ұжымдағы қазақ және орыс редакциясының ұстанымы екі бөлек екенін жасырмай: «Көкжайлау құрылысын салуға орыстілді журналистика қарсы болса, қазақтілді журналистика бейтарап қалады», – дейді.

Мейлі дейік, бірақ «Тіл туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мемлекеттік тіл – қазақ тіліне өз мәртебесін берейік» дегенде неге орыстілді БАҚ бұғып қалады? Олар осы елдің азаматы емес пе?!

Сол сияқты Inbusiness.kz ақпараттық агенттігі директоры Мира Халинаның: «Қазақтілді БАҚ несиені кешіру туралы жазса, орыстілді ақпарат құралы өз инвестицияңды қалай арттыруға болатынына назар аударады» деп салыстырғанын жаздық. Иә, мұнымен де келісуге болады. Бірақ сол несиені алып, қарызға батып жатқан кім? Шиеттей бала-шағасын асырай алмай жүрген көпбалалы қазақ отбасылары. Тағы да қазақтың жайын қазақтілді БАҚ айтпаса, кім айтады? Мұны да ескеру керек. «Қаржы тақырыбын, іскерлік саланы індетіп жазатын қазақ журналистері жоқтың қасы» деген стереотип бұзылғалы қашан. Себебі, соңғы кезде іскерлік журналистикада қазақ аудиториясы кеңейіп, жарнама берушілердің көбейгенін өздері де мойындап отыр. Әйтпесе, Қазақстан Медиа Альянсы басқарма төрағасы Арманжан Байтасов Forbes журналын 2020 жылдан бастап қазақша шығаруға білек сыбана кіріспес еді ғой.

Динара Мыңжасар

©kzinfo.online