«Кәсіпкер спринтер емес, марафоншы болуы керек»

«Кәсіпкер спринтер емес, марафоншы болуы керек»

«Атамекен» КҰП-тың бастамасымен келесі жылы білім бағдарламасына кәсіпкерлік және бизнес негіздері деген жаңа пән енгізіледі.

«Атамекен» КҰП өкілдері осыдан 3 жыл бұрын жалпыға ортақ білім беру бағдарламасына кәсіпкерлік және бизнес негіздері деген пән енгізу туралы бастама көтерді. Бұйыртса, келесі жылдан бастап 10-11 сынып оқушылары жаңа пән арқылы бизнестің қыр-сырына қанығады.

Қазір осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Қоғам мүшелері бизнес әліппесінің мектеп бағдарламасына кеш болса да енгізілетінін қуанып отыр.

Академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, бізде отбасылық немесе балалардың күнделікті қалта шығыны деген түсінік қалыптаспаған. Соның салдарынан балалар ақшаның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын түсінбей өседі.

«Баланың қоршаған ортаның экономикалық сипаттамасы туралы түсінігі ата-анасының «мектепте шай ішесің» деп берген ақшасынан басталуы керек. «Ақша қайдан, қалай келді, қайда, неге жұмсалды?» деген сауалдың жауабын кішкентай кезінен білген баладан ғана есейгенде сауатты кәсіпкер шығады», – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Академиктің пікірінше, тұңғыш миллиардер ретінде есімі тарихта қалған Джон Рокфеллер бала күнінде ата-анасы берген азын-аулақ ақшаға кәмпит пен күлше сатып алып, оны достарына екі есе бағамен сатқан. 7 жасқа келгенде жиған-тергеніне күрке тауық сатып алып, оны көбейтіп, етін, жұмыртқасын саудалаған. 9 жасында 50 АҚШ долларын 2% жылдық үстемеақымен достарына қарызға берген. Уақыт өте келе бұл тәсіл Джонның ғана емес, Рокфеллер отбасының дәстүріне айналған. Ал батыс елдерінде соңғы 10-15 жылда ақшаның құндылығын балаға жастайынан үйрететін жүздеген ғылыми еңбек жазылған.

«13 жасында компьютер бағдарламасын ойлап тапқан атақты миллиардер Билл Гейтс байлығының 1 пайызын ғана балаларына қалдырып, қалғанын қайырымдылық қорына аударған. Мұның себебін балаларының өзін-өзі қамтамасыз етуге шамасы жететіндігімен және балаларына мұраға қалдырған 1 пайыз капитал бизнеспен айналысуға түрткі болатынымен түсіндірген», – деді академик.

Қазақстанда бизнес секторы қоғамдық мотивацияға енді айнала бастады. Бұған қазақ кәсіпкерлерінің әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей байланысқа шығуы себеп болды. Бүгінгі таңда «Q3 Worldwide» холдингінің негізін салушы Қайрат Құдайбергенов, «BI Group» басшысы Айдын Рахымбаев, «Медиамагнат», «Мегаполис», «Бизнес и Власть», «Forbes Kazakhstan» басылымдарының негізін қалаушы, «United Media Group» компаниясының жетекшісі Арманжан Байтасов сынды кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтармен сұхбат құрып жүр. Бұл бизнестің және бизнес өкілдерінің қарапайым халыққа біртабан жақындағанының белгісі.

Экономист Мырзакелді Кемелдің пайымдауынша, кәсіпкерлік және бизнес негіздері академиялық пән ретінде мектеп бағдарламасына енсе, мәселені теориямен шектемей, тәжірибемен ұштастырып отыру қажет.

«Кәсіпкер Қайрат Құдайберген өз ісін 25 жасында бастаған. Арманжан Байтасов пен Айдын Рахымбаев та бизнеске осы жаста бет бұрған. Жаңа пәнді білім бағдарламасына енгізердің алдында Алматы, Астана қалаларында аты аталған бизнесмендердің қатысуымен бизнес-тренинг ұйымдастыру керек», – деді Мырзакелді Кемел.

Ал кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов Қазақстанда бизнес әліппесі әлі күнге дейін қалыптаспағанын айтады.

«Шетелдің жоғары оқу орындарында бизнесті салаға, жүйеге бөліп, академиялық бағдарлама ретінде оқытады. Бізде мұндай жүйе жоқ», – деді Ұзақбай Айтжанов.

Өз кезегінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәмен әлемге қолсағатпен танылған Швейцария мемлекетінде: «Басыңда білім болсын, содан соң ғана бизнеспен айналыс» деген сөз темірқазық тұтылатынын айтты. Ал біздің елде қалай?

«Кез келген елде бизнесті бастау оңай, дамыту, ілгерілету қиын. Жеке істі алға жылжыту үшін білім қажет», – деді Атамұрат Шәмен.

Оның ойынша, қазақ баласының мықты бизнесмен болуын қаласақ, бизнес әліппесін мектеп жасынан бастап меңгерту қажет.

Танымал кәсіпкер Гүлмира Мамытбаева 1990 жылдардың басында жеке бизнеске бет бұруына ресейлік басылымда жарық көрген шағын ақпарат себеп болғанын айтады.

Ол кезде Ресейде «кофебум» болып жатыпты. Осыны назарға алған жас келіншек телеарнадағы жауапты қызметін тастап, жеке кәсіпке бет бұрыпты.

«Жолдасыма пәтерімізді сату туралы ұсыныс жасадым. Бұған дейін жинаған қаржымызға пәтердің ақшасын қосып, Алматыдан кофехана ашайық дедім. Италияға барып, сапалы кофе жасайтын технология сатып әкелдік. Ісіміз алға басқан кезде кофемен бірге кәмпит, тәтті нан сататын болдық», – деді Гүлмира Мамытбаева.

Кәсіпкердің айтуынша, жеке бизнесте тыңға түрен салғандар ғана табысқа кенеледі.

«Мен жеке бизнеспен айналысатын адамдарды екі топқа бөлемін: бірі – спринтерлер, екіншісі марафоншылар. Алғашқылары істі ерекше екпінмен бастайды, алайда соңына дейін жеткізбейді. Соңғылары қандай қиындық болса да төтеп береді, табысқа қажыры мен қайратының арқасында жетеді», – деді ол.

Гүлмира Мамытбаеваның мәлімдеуінше, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні болашақтың бай-бағландарына алдын ала ойлау, жоспарлау, тәуекелге бара білу сынды қасиеттерді меңгертуі тиіс. Ал өсем, өнем, табысқа кенелемін дегене кез келген кәсіпкер спринтер емес, марафоншы болуы керек.